Аккумулятор

Аккумулятор латынша «жинақ» деген сөз. Сонымен аккумулятор – жинақтауыш екен. lead-acid-battery.gifБірақ ол ақша жинақтамай, электр энергиясын жинайды. Ең қарапайым аккумулятор күкірт қышқылы құйылған банкаға батырылған екі қорғасын пластинкадан тұрады. Электр энергиясын жинақтау үшін аккумуляторды «зарядтайды», яғни одан электр тогын өткізеді. Осының нәтижесінде қорғасын пластинкалардың сыртқы қабаты басқа затқа, яғни қорғасын тотығына айналады. Осыдан соң аккумуляторға электр шамын немесе электр моторын қосуға болады. Бұл кезде қорғасын тотығы қайтадан қорғасынға айналады да, аккумулятор жинақталған энергияны бере бастайды – электр шамы жанады, электр моторы шыркөбелек айналады. Аккумулятор бар қорын сарқып берген соң – оны қайта зарядтайды, осыдан кейін электр тогын жинақтауыш қайтадан жұмыс істейді.

Түрлері

Аккумулятор – энергия жинауға арналған құрылғы. Ол жиналатын энергеия түріне сәйкес электор аккумуляторы, гидравликалық аккумулятор, пневматикалық аккумулятор, жылу аккумуляторы және инерциялық аккумулятор болып бөлінеді.

Электр аккумуляторы – электр энергиясын жинап (химиялық энергияға айналдыру арқылы), қажет болғанда сыртқы тізбекке бере алатын химиялық ток көзі. Ол ішінде электролит (қышқыл не сілті) және электродтары бар оқшаулағыш материалдан (эбонит, шыны, пластмасса) жасалған ыдыстан тұрады. Электр аккумуляторы тұрғылықты және тасымалды болып бөлінеді. Тұрғылықты аккумулятор электр, радио, телефон және телеграф стансаларында тұрақты ток көзі ретінде, тасымал аккумулятор көшпелі қондырғыларда (көшпелі радиоаппаратураларда, автомобильдерде, ұшақтарда, электркарларда, т.б.) қолданылады.

Гидравликалық аккумулятор гидравликалық қондырғылардағы сұйық заттың шығыны мен қысымын реттеп отыруға арналады. Құрылымы цилиндр мен плунжерден тұрады. Ол сорғылардан (компрессорлардан) келетін артық сұйық затты (газды) өз қысымымен жинап, шығын көбейгенде оны жұмыс машиналарына беріп отырады. Мұндай аккумулятор гидравликалық және пневматикалық қондырғылардағы сұйық заттың қысымы мен шығынын реттеп отыруға пайдаланылады.

Пневматикалық аккумулятор пневматикалық қондырғылардағы ауа шығыны мен қысымын реттеу мақсатында сығылған ауа энергиясын жинауға арналады. Ол ауа құбырына жалғанған резервуардан тұрады. Артық ауа резервуарда жиналады да, шығын көбейгенде ауа тартқыш жүйеге беріліп отырылады. Пневматикалық аккумулятор ірі пневматикалық желілерде, жел электрстансаларында, т.б. қолданылады.

Бу аккумуляторымен көбінесе пайдаланылған буды жинау үшін қуаты аз бу қозғалтқыштары жабдықталады. Одан бу әртүрлі технологиялық мақсаттарға (мысалы, кептіру камералары), сондай-ақ сантехникалық қондырғылар қажетіне жұмсалады.

Жылу аккумуляторы жылу қондырғыларында жылу жинауға арналған. Олар айнымалы қысымды және тұрақты қысымды болып бөлінеді. Көбінесе бу-сулы аккумулятор деп аталатын айнымалы қысымды жылу аккумуляторы қолданылады. Онымен бу шығыны тұтынуға байланысты күрт өзгеріп отыратын кішігірім және орташа қуатты  жылу электр стансалары жабдықталады. Тұтыну кеміген кезде бу қазанынан жылу аккумуляторына жіберілген артық бу ондағы суға өзінің жылуын береді. Бу шығыны көбейгенде, жылу жүйесіндегі бу қысымының төмендеуі салдарынан қызған су буға айналады. Соның негізінде тұтынушылар буды жалғыз бу қазанынан емес, жылу аккумуляторынан да алады.

Инерциялық аккумулятор қызметін айналып тұратын маховик атқарады. Маховик салмағы мен оның айналу жылдамдығы неғұрлым көп болса, онда жиналатын энергия мөлшері де соғұрлым мол келеді. Инерциялық аккумулятор жел электр стансаларында генератордың, сондай-ақ штамптау станогы, механикалық балға, поршеньді сорғы, т.б. жұмыс қалпын тұрақтандыру мақсатында қолданылады.

Қолданылуы

Аккумуляторлар электр тоғын сыммен жеткізу мүмкін болмайтын жерлерде пайдаланылады. Завод ауласында не вокзал платформасында жүретін электр арбасы – электрокардың двигателі аккумулятордың тоғымен жұмыс істейді. Автомобильдің моторын жұмыс істету үшін, оның білігін ең алдымен айналдырып жіберу керек. Осыны электрлік двигатель – стартер іске асырады, ал стартер аккумулятордағы жинақталған электр энергиясымен қоректенеді. Сүңгіуір қайықтардың ескек винттерін электр моторлары айналдырады, оларға энергияны биіктігі адамның бойындай үлкен аккумуляторлар береді. Космос корабльдерінде де аккумуляторсыз ештеңе істеуге болмайды.

Аккумулятордан алынатын электр тоғы өте қымбатқа түседі, олай болмағанда аккумуляторлар тіптен де жиі қолданылған болар еді.

Қазіргі кезде ғалымдар жеңіл және қуатты аккумуляторлар жасауға көңіл бөлуде.

Қазақстанда 1970 жылдан Талдықорған қаласында сілтілі және қорғасынды аккумулятор шығарылып келеді. 1975-85ж. Талдықорған аккумулятор зауыты қайта жабдықталды. Бүгінде аккумуляторлар зауытта жартылай автоматты желімен құрастырылады.

Жазған: Оразбаев Мирас, №6 мектептің 9 сынып оқушысы